АҚТӨБЕ. КАЗИНФОРМ – Ақтөбе облысында туризм соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Аймақ бірегей қасиетті ескерткіштерге, табиғи көрікті жерлерге бай, олардың кейбіреулері ежелгі мұхит пен тас дәуірінің адамдарынан еске салады, деп хабарлайды «Казинформ» ХАА тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов өңірде туризмді дамыту және туристік әлеуетті арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі таңда 23 маршрут жұмыс істейді, 859 тарихи және мәдени ескерткіштер, 3 санаторий-профилактория, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар.
Жергілікті халық, жақын және алыс шетел азаматтары арасында 7 туристік нысан өте танымал. Олардың қатарында Ақтолағай борлы таулары, Қасқыр сарқырамасы, Аққұм құмдары, Барқын құмдары, «Мылқау» ауыл, «Орқаш» қорығы, Төлеубұлақ үңгірі бар.
Ақтолағай борлы үстірті – Ақтөбе облысының жарқын табиғи көрікті жері. Мұнда сіз қар секілді ақ таулар мен үңгірлерді айналып өту үшін бір-екі күн тұрақтай аласыз, тастардан ежелгі жануарлардың қалдықтарын, аңызға айналған «шахмат фигуралары» аңғарын, Мұғалжар тау жотасын, Қарғалы су қоймасын көре аласыз.
Ақтөбеден 120 шақырым жерде Қарғалы ауданында Қасқыр сарқырамасы деп аталатын орын бар. Бұл ерте көктемде, яғни мамыр айында еріген сулар жырыққа ағып, әсем сарқырама пайда болған кезде көз тартарлық сұлулыққа ие болады.
Байғанин ауданы Алтай батыр ауылында Сағыз өзенінің оң жағалауында ұзындығы 40 және ені 15 шақырым Аққұм құмды алқабы орналасқан. Аққұмм құмдары ұсақ түйіршікті, борпылдақ, әрі олар қардай ақ болып көрінеді.
Ойыл ауданында тірек-қимыл аппараты ауруларына пайдалы емдік құм ванналарын қабылдауға болатын орындардың біріне айналған Барқын құмдары орналасқан. Бұрын бұл жерде теңіз болған деп есептеледі. Кейіннен су деңгейі төмендеп, ауданы 35 мың гектар болатын ерекше құм төбелеріне айналған. Бұл жердің тағы бір кереметі - шөлдегі оазис сияқты пайда болған және Барқын құмдарын ерекше ететін керемет қарағай орманы. Құмның астында жер асты сулары орналасқан, соның арқасында бұл орман өсті.
Қарғалы ауданындағы «Мылқау» ауыл - табиғи сұлулықты тамашалауды бағалайтын туристердің сүйікті орны. Ашылысай көлінің керемет көрінісі, тік жартастар, жүзу және балық аулау мүмкіндігі Мылқау ауылды демалуға тамаша орынға айналдырады. Бұл жердің атауының шығу тегі туралы бірнеше аңыздар бар. Олардың біріне сенер болсақ, мұнда ешкім есімін білмейтін көріпкел өмір сүрген. Адамдар оған өз сұрақтарымен келген, бірақ оларға осы көріпкелдің болжамдарынан хабар беретін әйел шығатын болған. «Мылқау ауыл» деген атау осыдан шыққан, өйткені бәрі тыныш және артық әңгімесіз болған. Басқа нұсқа бойынша, бір кездері бұл ауыл толыққанды өмір сүру үшін қажетті жағдайлардың болмауына байланысты Ратай есімді бір шопаннан басқа барлық тұрғындар жаппай кетіп қалған. Ол туғаннан мылқау болды, бірақ оның сөзсіз әрекеті туған жерге деген сүйіспеншіліктің дәлелі болды. Оның құрметіне бұл жер «мылқау» деген лақап атқа ие болды.
Нағыз ботаникалық жұмақ Мұғалжар ауданында «Орқаш» қорығында орналасқан. Бұл – сирек кездесетін құстар мен өсімдіктердің ондаған түрлерінің патшалығы, соның ішінде Қызыл кітапқа енгізілгендері де бар. Жергілікті типтік ландшафт үшін мұндағы көрініс ерекше болы табылады – бұл қайың, көктерек пен талдар, долана мен жабайы раушан бұталары, ғажайып әдемі бұталы даланың ортасындағы орман. Орқаш қорығында құстардың көптеген түрлері өмір сүреді. Орманға жақын жерде жерге сіңіп, биіктігі екі метрге жететін тас блоктардың табиғи құрамы орналасқан.
Бұлақты ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 13 шақырым жерде Мұғалжар ауданында Төлеубұлақ петроглифтері бар бірегей үңгірлер бар. Төлеубұлақ үңгірінің петроглифтері 2000 жылы Мұғалжар ауданының тас дәуірінің ескерткіштерін зерттеген бірлескен халықаралық Қазақстан-Ресей экспедициясын зерттеу кезінде табылып, ғылыми айналымға енгізілді. Төлеубұлақ үңгірінде 10 мың жылдан астам уақыт бұрын тас дәуірінің адамдары суреттер салған. Үңгірдің еденінде тереңдігі 5 сантиметр, диаметрі 15-25 сантиметр болатын суреттер ойылған. Кішкентай үңгірде тұяқ немесе саңырауқұлақ тәрізді петроглифтер, антропоморфтар және терең сызықтар бар. Ғалымдар жоғарыда аталған рәміздер мезолит кезінде, тіпті палеолит пен неолит дәуірінде де болған деген пікірде. Бұл кешен Қазақстанның тас дәуіріндегі ежелгі археологиялық ескерткіштердің бірі болып табылады. Аңыз бойынша үңгір атауы шамамен 250-300 жыл бұрын Солтүстік Аралдан Мұғалжар тауларына қоныс аударған Кіші жүздің Шекті тайпасының Жақайым руындағы Төлеу атауынан алынған.
«Байғанин ауданындағы Ақтолағай борлы таулары, Аққұм құмдары секілді нысандардың әлеуеті жоғары, біз оларды дамыту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Өткен жылы үш кемпингтік аймақ ашылды, ағымдағы жылы Мұғалжар ауданының Орқаш аумағында, Қарғалы су қоймасында жеті кемпингтік аймақ құруды жоспарлап отырмыз», - деді Нұрхан Тілеумұратов.
2022 жылы Батыс өңіріндегі алғашқы «Шексіз аспан» әуе шарлары фестивалі, жыл сайынғы «Qargaly Fest» халықаралық фестивалі, «Qazaq Man» триатлон жарысы, шетелдік туроператорлар мен блогерлерге арналған ақпараттық турлар ұйымдастырылды, олардың барысында Қазақстанда алғаш рет «өнеркәсіптік туризм» таныстырылды. Іс-шараларға облыстың 225 мың тұрғыны мен қонағы қатысты. Осы жобаларды іске асыру жалғастырылатын болады.
Ақтөбеде ішкі туризмді дамытумен былтыр 17 мыңға жуық туристті тартқан екі оператор белсенді айналысуда. Маршруттар жергілікті тұрғындар, Италия және Португалия, Ресей азаматтары арасында өте танымал. Блогерлердің қатысуымен инфотурлар өткізілгеннен кейін Алматы мен Астана тұрғындарының қызығушылығы артуда.
Н. Тілеумұратовтың айтуынша, 2022 жылы Ақтөбе облысына 187 мыңға жуық турист келген, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 28,7%-ға көп, ал ағымдағы жылы 200 мыңға жуық турист, оның ішінде 33 мыңнан астам шетелдік туристерді тарту жоспарлануда.
https://www.inform.kz/ru/gde-otdohnut-v-aktyubinskoy-oblasti_a4070953