Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық ауылынаң оңтүстік-шығыс шетінен оңтүстік-батысқа қарай 2 шақырым 700 метр, Шиелі өзені өтетін темір жол қөпірінен оңтүстік-батысқа қарай 1 шақырым.
Зерттелуі: 1815-1896 жылдары өмір сүрген Кіші жүз пірі, мешіттер салып бала оқытқан, халықты имандылыққа уағыздаған, отырықшылыққа үйреткен Досжан хазірет туралы Әбубәкір Кердерінің «Қазағым» деген жинағындағы өлең жолдарынан, Сәбит Салқынұлының «Досжан хазірет» кітабында Досжан шариғат жолынан мүдіріссіз өтіп, Олдан есімді шайхтың ықыласына ілігіп, шәкірт тәрбиелеуге рұқсат хат «иршад» алған деп жазады.
Қысқаша анықтамасы: Мешіттің ұзындығы шамамен 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Мешіт жанына көшпелі қазақтар қоныстанып, осы жерде алғашқы отырықшы қоныс пайда болған. Мешіттің алты бөлмесі бар, терезелері адам бойынан ұзын. Бөлме ішінде ешқандайда тіреу жоқ. Терезесінде де бірде бір қиық белдік жоқ, күмбез тәріздес етіп жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою-өрнекпен әшекейленген, күмбезден түскен жарық, барлық нақыштарын нұрландырып тұрған. Мешіт ішіндегі аят хадистері қызыл оюмен боялған. Мешіттің алдында кіре беріс үй және азан айтатын мұнарасы болған. Қазіргі таңда бұл мешіттің төбесі құлаған, қабырғалары ғана тұр. Бұл мешітте көптеген мүриттер қызмет етіп, көптеген ишандар, сопылар оқып, білім алып елге қызмет етті. Досжан хазірет өз мешітінің күншығыс бетінде жерленген. Басында құлпытасы сақталған. 2015 жылы Ақтөбе облысында туғанына 200 жыл толуы кең көлемде аталып өтті. Қазір Ақтөбе қаласында Досжан хазірет атында көше бар.
Аңыз әңгіме: Досжан Қашақұлы хазірет – белгілі діни қайраткер. Кіші жүз Табын руының Қоңыр тармағынан. Ел аузындағы әңгімелерде «Досеке хазірет» деп құрметпен айтылады. Өзінің діндарлығымен, ағартушылығымен, дінге негіздеп халықтың басын бір орталыққа біріктіруімен, далалық сәулет өнерін дамытумен және қазақ шежіресінің негізін жинақтаумен қазақ тарихында із қалдырды. Атақ даңқы алты алашқа,тіпті ақ патшаның өзіне дейін жеткен адам.
Ол көптеген мешіттердің бой түзеуіне мұрындық болды, оның тікелей басшылығымен салынған Доңызтаулық Қарашыңдағы Қайнар мешітінің, Ойыл аңғарындағы Ишан ата мешіттерінің маңызы зор. Досжан ишан Меккеге Нұрфайыс ишан және Жұмағали ишанмен (кей дерек бойынша 1874 жылы Құнанбай тобымен) бірге қажылық сапарға барған. Досжан Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады. Досжан ишан Меккеге үш рет барып, Абайдың әкесі Құнанбаймен танысып, екеуі бірлесіп Тәкие-қонақ үй салдырған. Аталған қонақ үй Досжан ишан атына жазылады.