Қытайдан Қазақстанға туристер ағыны 17 есе өсті. Бұған өзара визасыз режимге көшу және елдер арасында тікелей әуе рейстерін іске қосу ықпал етті.
Елімізге Қытай азаматтарынан бөлек Түркия, Үндістан, АҚШ азаматтары да жиі келуде. Сондай-ақ көршілес елдерден: Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен туристер ағыны тұрақты түрде артып келеді.
Министрлік биылғы жылы шетелдік қонақтар одан да көп болады деп үміттенеді. Оларды тарту үшін 500 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді, сондай-ақ туристік жарнаның күші жойылды.
"Қазақстан туристерді өзінің ландшафттарымен, мәдени байлығымен, мәдени мұрасымен қызықтырады. Шетелдіктер біздің негізгі қалаларымыз - Астана, Алматы, Шымкент, сондай-ақ Түркістан және Атырау өңірлеріне баруды жөн көреді. Табиғи туризм саласында трендтер жүріп жатыр, қазір экотуризм дамып келеді. Туристердің өздері бұған баса назар аударады - олар ұлттық саябақтарда серуендеп, жорықтарға қатысқысы келеді", - деді "Kazakh Tourism "ҰК" АҚ өкілі Әлішер Тұрсын.