ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының м.а. Тимур Тілегенов Қазақстанға тұрақты жолаушылар рейстерін орындайтын "Air China", "China Southern Airlines" және "Loong Airlines" Қытай авиакомпанияларының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ААК баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Кездесу барысында "China Southern Airlines" әуекомпаниясы 2024 жылғы 23 қаңтардан бастап аптасына 3 рейс жиілігімен Алматы – Бейжің жаңа бағыты бойынша рейстер ашуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Сонымен қатар, сұраныс артқан кезде "China Southern Airlines" әуекомпаниясы 2024 жылдың көктем-жаз маусымынан бастап Алматыдан Үрімші және Сиань қалаларына, сондай-ақ Астанадан Үрімші қаласына қолданыстағы маршруттар бойынша рейстер санын ұлғайту мәселесін қарауға дайын.
Өз кезегінде, "Loong Airlines" әуекомпаниясы ағымдағы жылдың желтоқсан айында Алматы – Ханчжоу бағыты бойынша орындалатын рейстер санын аптасына 3-тен 4-ке дейін арттыруды жоспарлап отыр. Келесі жылы жолаушылар ағыны артқан жағдайда авиакомпания рейстер санын аптасына 7-ге дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Сондай – ақ, авиакомпания 2024 жылы Астана – Ханчжоу, Астана – Ченду және Алматы-Ченду авиамаршруттары бойынша рейстерді ашу мәселесін зерттеп жатыр.
Сонымен қатар, "Air China" әуекомпаниясы Астана – Сиань – Пекин бағыты бойынша орындалатын рейстер санын аптасына 2-ден 3-ке дейін ұлғайту мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады. Бұл ретте, авиакомпания Сиань қаласына қонбай, екі астана арасында аптасына үшінші рейсті тікелей орындау мәселесін де қарайтын болады.
Жалпы, 2024 жылғы көктемгі-жазғы навигация кезеңінде қытайлық авиакомпаниялар орындайтын елдер арасындағы рейстер саны қолданыстағы және жаңа авиамаршруттар бойынша аптасына 30 рейске дейін артады деп күтілуде.
https://www.inform.kz/ru/kitayskie-aviakompanii-uvelichivayut-reysi-v-kazahstan-d9fc16