«Ермек Боранбайұлы Маржықпаев Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі болып тағайындалсын», - делінген Ақорданың хабарламасында.
Ермек Маржықпаев 1969 жылы 29 тамызда Целиноград қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтын, 2001 жылы «Тұран» университетін, 2009 жылы Көкшетау университетін бітірген. Тарих мұғалімі, заңгер, қаржы бакалавры.
Еңбек жолын дене шынықтыру мұғалімі, бокс бойынша жаттықтырушы болып бастап, 1991-1992 жылдары орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болды. 1992-1995 жылдары «Шонай» жеке кәсіпорнының директоры қызметін атқарды. 1995-2008 жылдары «Береке-Бурабай» жеке кәсіпорнының (ЖШС) бас директоры қызметін атқарды. 2007-2009 жылдары Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болды. 2008-2012 жылдар аралығында Аршалы ауданының әкімі, 2012-2013 жылдары Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2013-2014 жылдары - Ақмола облысы әкімінің құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары жөніндегі орынбасары. 2015 жылғы қаңтардан 2019 жылғы наурызға дейін - Көкшетау қаласының әкімі.
2019 жылдан бастап Ақмола облысының әкімі қызметін атқарды.
2023 жылдың 2 қыркүйегінде Ермек Маржықпаев Туризм және спорт министрі болып тағайындалды.
Айта кетейік, 6 ақпан күні таңертең «Аманат» фракциясы ҚР Премьер-министрі лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынған болатын. Ол бұған дейін Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған.
Түстен кейін Мәжіліс депутаттығына Бектеновтің кандидатурасы мақұлданды. Олжас Бектеновті қызметке тағайындау туралы жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды.
Тоқаев Бектенов туралы: «Еңбекқор және өте білімді»
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында үкіметті отставкаға жіберу туралы шешімді түсіндірді. Сондай-ақ, Президент жаңа шындыққа бейімделу қажеттігін айтты.
Одан кейін Қазақстанның жаңа Премьер-Министрі сөз сөйледі.