Өткен жылы елімізге туристік қызметтен 389 миллиард теңге салық түсті.
Ұлттық банк дерегі бойынша, Қазақстанға алыс шетелден келген 1 турист орта есеппен 1500 доллар көлемінде табыс әкеледі. Әр шетелдік турист 2 жұмыс орнын ашуға себеп болады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Былтыр елімізге 1 миллионға жуық шетелдік турист келді. Нәтижесінде туристік қызметтен түскен салық мөлшері 389 миллиард теңгеге жетіп, рекордтық нәтиже тіркелді. Оның ішінде еліміздегі орналастыру орындары 183 миллиард теңге табыс тапты.
"Елімізде соңғы екі жылда туризм саласында жұмыс істейтіндердің саны айтарлықтай өсіп, 500 мыңға жуықтады. Мәдениет және спорт министрлігі 2029 жылға дейін туризм саласында 800 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр", – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.