«Халық кеңесі» ескерткіш-белгісі
«Халық кеңесі» ескерткіш-белгісі

«Халық кеңесі» ескерткіш-белгісі Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс тарихымен байланысты маңызды мемориалдық нысан болып табылады.

Сырым Датұлы 1753 жылы дүниеге келген. Ол Ресей империясының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары қозғалысының көрнекті басшысы, батыр, би әрі шешен ретінде ел тарихында ерекше орын алады. Сырым батырдың шыққан тегі — Кіші жүздің Байұлы бірлестігіне кіретін Байбақты руы. Ел ішінде әділдігімен, тапқырлығымен және шешендігімен танылып, жас кезінен «Бала би» атанған.

XVIII ғасырдың екінші жартысында Кіші жүз аумағында патша өкіметінің отарлық саясаты күшейіп, Жайық бойындағы казак әскерлерінің қысымы, жер мәселесі және хандық биліктің дағдарысы халық наразылығын туғызды. Осы тарихи жағдайда Сырым Датұлы бастаған қозғалыс елдің бірлігі мен жерін қорғауға бағытталды.

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының мәліметі негізінде Ақтөбе қаласының батыс жағындағы Жіңішке өзені бойында 1785 жылы 21 қыркүйекте Қазақстан тарихындағы алғашқы «Халық кеңесі» құрылтайы өткендігі көрсетіледі. Бұл жиынға Қазақстанның батыс аймағын мекендеген елдің билері, батырлары, ру басы ақсақалдары қатысып, ел басқарудың далалық демократияға негізделген жаңа үлгісін ұсынған.

«Халық кеңесі» ескерткіш-белгісі 2020 жылғы 27 қазанда Ақтөбе қаласының іргесіндегі Жіңішке өзені бойында салтанатты түрде ашылды.

Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш тұтас гранит тастан тұрғызылған. Ол үш негізгі бөліктен тұрады: табан, тұғыр және тас белгі.

Тас белгіге орнатылған гранит тақтайшада: «Бұл жерде 1785 жылы 21 қыркүйекте Қазақстанның батыс аймағын мекен еткен елдің билері, батырлары, ру басы ақсақалдары жиылып, қазақ тарихында тұңғыш рет «Халық кеңесі» деп аталған құрылтай өткізді. Хандық биліктің дағдарысқа ұшырауына байланысты, ел басқарудың далалық демократияның негізінде жаңа үлгі ұсына білген бабаларға тағзым! Риза ұрпақ атынан. Ақтөбе облысының әкімдігі» деген жазу берілген.

Ескерткіштің табанымен есептегендегі жалпы биіктігі — 2,90 метр. Табанының өлшемі — 0,75 х 1,18 метр, биіктігі — 0,110 метр. Тұғырдың өлшемі — 0,60 х 0,70 метр, биіктігі — 0,45 метр. Тас белгінің өлшемі — 0,25 х 0,60 метр.

  • Ақтөбе қаласы, Құрашасай ауылынан 887 метр шығыс-оңтүстік-шығыста, Жіңішке өзені бойында орналасқан.
Построить маршрут «Халық кеңесі» ескерткіш-белгісі
Тағы қараңыз