Нұрпейіс Байғанин — 1860 жылы 20 маусымда қазіргі Ақтөбе облысы Темір ауданы аумағында дүниеге келген халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ол 1945 жылы 9 сәуірде өмірден өтті.
Нұрпейіс Байғанин қазақтың эпикалық жыршылық дәстүрін XX ғасырға жеткізген көрнекті өнер иелерінің бірі болды. Ол халық көп жиналатын Темір, Ойыл, Ырғыз, Орал жәрмеңкелерінде өнер көрсетіп, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман — Шолпан» сияқты жырларды орындаған. Ақын ондаған эпикалық жырды жатқа білген, ал оның жыршылық мұрасы кейінгі ұрпаққа қазақ ауыз әдебиеті мен орындаушылық өнерінің құнды үлгісі ретінде жетті.
Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш жоғарғы және төменгі тұғырдан, іргетастан және мүсіннен тұрады. Жалпы биіктігі — 3,60 метр. Іргетасы цемент блоктан жасалған, көлемі — 12,2 х 6 м. Тұғыры ақшыл-сұр түсті мәрмәрден орындалған: төменгі өлшемі — 4,6 х 6,1 м, жоғарғы өлшемі — 1,36 х 2,5 х 2,9 м. Мүсін цементті-асбест материалынан жасалып, сырты мыспен қапталған. Мүсіннің биіктігі — 2,3 метр. Ескерткіш солтүстік-шығысқа қарап орнатылған.
Мүсінші: Г. Г. Элизбарашвили
Сәулетші: А. Әжіғалиев