Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова — қазақ халқының қаһарман қызы, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Кеңес Одағының Батыры. Ол 1922 жылы дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Мәншүк балалық және жастық шағын Алматы қаласында Әмина Мәметованың тәрбиесінде өткізді.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы медицина институтында оқып жүрген еді. 1942 жылы ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, майданға аттанды. 100-атқыштар бригадасының құрамында пулеметші болып қызмет еткен Мәншүк ұрыстарда ерекше батылдығымен, табандылығымен және жауынгерлік шеберлігімен көзге түсті.
1943 жылы қазанда Невель қаласы үшін болған кескілескен шайқаста Мәншүк Мәметова соңғы демі қалғанша пулеметтен оқ жаудырып, ерлікпен қаза тапты. 1944 жылғы 1 наурызда оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Мәншүк Мәметова — бұл жоғары атаққа ие болған алғашқы қазақ қыздарының бірі.
Ақтөбе жоғары медициналық колледжіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 мамырдағы №302 қаулысымен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімі берілді. Колледж қабырғасында батыр қыздың өмірі мен ерлігіне арналған музей жұмыс істейді.
Ескерткіштің сипаттамасы: Мәншүк Мәметованың ескерткіш-мүсіні 2020 жылы Ақтөбе қаласында, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжі аумағында орнатылды. Ескерткіш Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына және колледждің 85 жылдығына орай ашылған.
Мүсін қоладан құйылған, ал тұғыры тұтас граниттен жасалған. Ескерткіштің табаны шаршы пішінді, көлемі — 3,67 метр, биіктігі — 0,15 метр. Тұғырының көлемі — 1,33 х 1,33 метр, биіктігі — 2,45 метр. Мүсіннің тұғырымен қоса есептегендегі жалпы биіктігі — 3,75 метр.
Мәншүк Мәметованың ескерткіш-бюсті 2020 жылғы қазан айында Ақтөбе жоғары медициналық колледжі аумағында салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсімі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және колледждің 85 жылдығына орай ұйымдастырылды.