Әбілқайыр хан — Кіші жүздің саяси тарихында және қазақ даласын қорғауда маңызды рөл атқарған көрнекті билеуші. Ақтөбедегі ескерткіш оның ұлттық тарихтағы орнын ұлықтайды және жергілікті маңызы бар нысан болып саналады.
Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш күрделі монументтік композициядан тұрады: мүсін, тұғыр, іргетас және қорған тәрізді көтеріңкі бөлік. Қорған топырақтан үйіліп, алдыңғы бөлігі қызыл гранит баспалдақпен көмкерілген. Іргетас пен тұғыр тік төртбұрышты бетон блоктардан жасалып, гранитпен қапталған.
Композицияда Әбілқайыр хан ат үстінде бейнеленген. Мүсінші хан тұлғасын жоңғарлармен шайқас алдындағы елді бірлікке шақырған қолбасшы бейнесінде сомдаған. Ханның үстінде ұлттық киім — шапан, басында бөрік, аяғында саптама етік, белінде семсер бар. Сол қолымен аттың жүгенін ұстап, оң қолын жоғары көтеруі халықты ынтымаққа, батылдыққа және жеңіске үндейтін символдық ишара ретінде қабылданады.
Тұғырдың алдыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу берілген.
Ескерткіштің жалпы биіктігі — 12,3 метр. Мүсіннің биіктігі — 2,8 метр. Тұғырдың ұзындығы — 5,8 метр, ені — 2,1 метр.
Мүсінші: Е. Сергебаев.
Сәулетші: Б. Егімбаев.